Елбасының арқасында Қазақстанның дипломатиялық беделі қалыптасты - Пан Да Уей


АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Қазақстанның дипломатиялық беделі қалыптасты. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көшбасшылық феноменін зерттеуге арналған «Кемеңгерліктің 30 жылы» халықаралық ғылыми конференция барысында ҚХР өкілі, Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей және Орталық Азияны зерттеу орталығының директоры Пан Да Уей айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кез келген елдің даму жолы бірегей. Ел тізгінін қолға алған ұлттық көшбасшының рөлі де бірегей болмақ. Сіздерде жақында өткен президент сайлауы Елбасының даналығы мен көрегендігі, кәсіби шеберлігі, ел басқару машығының келер буынға беру даналығын көрсетеді. Нұрсұлтан Назарбаев нағыз ұлт көшбасшысы ретінде халыққа сенімді экономикалық бағдар ұсынды. Оның сәтті жүзеге асуына қол жеткізді.

Назарбаевтың саясаткерлік жолында басты рөлді халықаралық қатынастарға берер едім. Ол Қазақстанның дипломатиялық концепциясын құрды. Көпвекторлық қағидасымен Нұрсұлтан Әбішұлы Ресей, Қытай, Еуразиялық одақ, АҚШ, Азия аймағы елдерімен қарым-қатынас құра білді. Осының арқасында Қазақстанның дипломатиялық беделі пайда болды. Геостратегиялық орналасуы, экономикалық мүмкіндігі, саяси маңызы жағынан Қытай мен Қазақстан — Орта Азиядағы маңызды саяси ойыншылар.

Қытайдың «Бір белдеу — бір жол» бағдарламасын Қазақстан бірінші болып қолдады. Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселеге байланысты Пекинде өткен форумға екі рет қатысты. Қазақстандық «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бір белдеу — бір жол» бағдарламасының үндестігі қазір жемісін беріп жатыр», — дейді Де Уей

Еске сала кетейік, бүгін Алматыда өтіп жатқан «Кемеңгерліктің 30 жылы» халықаралық ғылыми конференцияда сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевты «егемен елдің жылнамасын жазған адам» деп атады.

Сондай-ақ, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің КСРО Үкіметін басқару туралы ұсыныстан қалай бас тартқанын айтты.


Источник: “http://lenta.inform.kz/kz/elbasynyn-arkasynda-kazakstannyn-diplomatiyalyk-bedeli-kalyptasty-pan-da-uey_a3540449”