Үш облыс аумағында көлік қозғалысына шектеу енгізілді


АСТАНА. ҚазАқпарат — Қардың қалың түсуі мен боранға байланысты Павлодар облысы аумағындағы республикалық жолда көлік қозғалысына шектеу енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақавтожол» ЖШС мәліметінше, бүгін сағат 10:00-ден бастап «Астана-Ерейментау-Шідерті» автожолының 16-266 шақырымында елорда мен Шідерті аралығында жол жабылды.

Сонымен қатар, сағат 10:30-дан бері Көкшетаумен Атбасар аралығында көліктің барлық түрлері үшін жолға шығуға шектеу енгізілді.

Мұнымен қоса, «Көкшетау-Омбы» жолының 2-50 шақырымындағы Көкшетау мен Солтүстік Қазақстан облысы шекарасына дейінгі учаске жабылды.

Бұған дейін хабарланғандай, бүгін таңертең Боранға байланысты Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы республикалық маңыздағы жолдар жабылды.

«Екатеринбор-Алматы» жолының 1007-1247 шақырымындағы Атбасар мен Астана аралығында көлік қозғалысына шектеу енгізілді.

Қазіргі уақытта «Астана-Петропавл» автожолындағы елорда мен Көкшетауға дейінгі учаске де жабық тұр. Көкшетау мен Петропавл аралығында да барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа тыйым салынды.


Источник: “http://lenta.inform.kz/kz/ush-oblys-aumagynda-kolik-kozgalysyna-shekteu-engizildi_a3494990”